ЖАҢАЛЫҚТАР

Пандемия ШҚО-ның турбизнесін тежеді

Шығындар облыстың статистика департаментінде есептелді. Ведомствоның мәліметінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандарға келушілер саны 32% - ға азайды. Қызмет көрсету көлемі 6 айда 38,4% - ға қысқарып, 1 323,4 миллион теңгені құрады.

Шынында да, карантиндік шектеулерге байланысты биыл жазғы маусым айтарлықтай кеш – 16 маусымнан басталды. Қауіпсіздік мақсатында туроператорларға демалыс базаларын 50% - ға ғана толтыру ұсынылды. Сонымен қатар, демалушыларды қорғаныс маскаларымен қамтамасыз ету, ал көп жиналатын жерлерде бактерицидті ерітіндісі бар контейнерлерді орнату міндеттелді.

Тәжірибе көрсеткендей, кәсіпкерлер қызметтер бағасын көтеру арқылы локдауннан өте алды. Алакөлдегі демалыс орнында тұру құны адам басына 4 мыңнан 10 мың теңгеге дейін өсті. Осыған ұқсас жағдай аймақтағы екінші танымал демалыс орны – Бұқтырма су қоймасында да орын алды. Биылғы жаз өте ыстық болды, сондықтан маусымнан қыркүйекке дейін Шығыс Қазақстан ішіндегі танымал бағыттарға жолдамалар сатып алу мүмкін болмады.

Мемлекет кәсіпкерлерге де жеңілдіктер жасады. Жағажай маусымы мен пандемияның күшеюі кезінде үкімет Алакөл мен Бұқтырмадағы демалыс базаларын карантинге жаппау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, соңғы 30 жылда алғаш рет Ресей, ТМД және алыс шетел тұрғындары ШҚО курорттарына бара алмады. Олардың орнын қазақстандықтар иеленіп, елдегі ішкі туризмге сұраныс бар екенін дәлелдеді.

Автор: Дмитрий Крюкович
Фото: Ермек Иманғазинов