Бұл саяхатқа Қазақстаннан тыс жерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары алғаш рет қатысуда.
«Бүгін Қазақстан мен басқа елдердің балалары бір командаға бірігеді. Бізге Беларусь, Ресей және Қырғызстан сияқты елдерден барлығы 25 бала келді. Бұл саяхат әр баланың өміріндегі ұмытылмас оқиға болады деп үміттенемін және олардың Отаны - Қазақстанға келуге мүмкіндігі болғанына қуаныштымын», - дейді Әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кенгербаев.
Тоғыз күн бойы балалар тарихи ескерткіштерге, ойын-сауық орталықтарына барып, үлкен мегаполистердің заманауи, биік ғимараттарын көреді. Қалаға барумен қатар, пойызда балаларды жеке бағдарлама күтеді: зияткерлік ойындар, спорттық жарыстар, ағылшын тілі курстары, сурет, музыкалық және би үйірмелері.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусымда «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызының алғашқы сапары басталды. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады. 2019 жылдың жазына барлығы үш сапар жоспарланған - соңғысы 1 тамызда басталады.
Жоба балаларды жан-жақты дамытуға, қоршаған ортаға деген қызығушылықты арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге және патриотизмді нығайтуға бағытталған. Пойыз бағытына Нұр-Сұлтан, Байқоңыр, Тараз, Алматы және Балқаш қалалары кіреді.
Меруерт Абаева