3-БӨЛІМ
Павлодар - күндіз де, түнде де серуендеуге, демалуға жағымды қала. Егер сіз кез келген мезетте уақыт өткізуге ыңғайлы жерлерді білсеңіз, тіпті керемет. Олардың бірі - Ертіс өзенінің жағалауы. Мұнда, күндізгі ыстық саябырлағанда, жүздеген әдемі оттар жағылады, жұмыс күнінен шаршаған отбасылар демалады, ғашық жұптар кездеседі, саксофон мен гитара үні естіледі… Эх, неткен романтика!Сүйікті кітабымен оңаша отыруды ұнататындар жағажай жанында оқу үшін осында келеді. Басқалары жай ғана ағаш төсемелерде жатып əңгімелесуді, толқындар дыбысы аясында демалуды жақсы көреді.
Ескі жағалауда, жағажайда, құтқару станциясы орналасқан, ал оның қанатында – нағыз теңіз минасы бар. 2019 жылы Павлодарда шыққан "Құтқару станциясының тарихы" кітабында автор Галина Шарапова өз өмірін адамдарды судан құтқаруға арнаған әкесі Вячеслав Шараповтың естеліктерін жариялады. Ол естеліктерінде 1950 жылы бұрынғы майдангер, аға лейтенант Н.Акуловдың Павлодарда теңіз клуб-мұражайын ұйымдастырғысы келіп, КСРО-ның барлық флоттарынан əскери-теңіз атрибуттарының заттарын жазғанын айтқан. Музейге арналған ғимаратты табу қиынға соқты, сонда ол өзінің барлық мүлкін, оның ішінде торпеда мен Макаров жүйесінің мүйізді минасын Гурьев қаласының (Атырау) теңіз клубына жіберді. "Мен 1905 жылғы үлгідегі бұл теңіз минасын сұраттым (оның корпусынан жауынгерлік заряд алынды) және оның корпусын орыс флотшысы, вице-адмирал С.О. Макаровқа, қауіпті қаруды залалсыздандыратын сүңгуір-минерлерға естелік ретінде құтқару станциясында тұғырға орнаттым", - деп жазды В. Шарапов.
Павлодар - үш университеті, көптеген колледждер мен кәсіптік лицейлері бар қала, сондықтан оны көбіне студенттік қала деп атайды. Оның оқу орындарында музыканттарды да даярлайтын болғандықтан, дарынды балалар қала тұрғындары мен туристердің көңілін көтеру үшін көшелерге, өткелдерге немесе осында, өзен жаққа жиі шығады, сондай-ақ адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, аздаған ақша табады.
Ғалымдардың айтуынша, бұл өзеннің атауы "жертесер" дегенді білдіреді, себебі Ертіс үнемі өзінің оң жағалауын шайып тұрады. Тіпті, бір кездері Павлодардың бірнеше көшелері шайылды. Тарихшылардың айтуынша, қаланың ең қысқа көшесі - Никитин көшесі. Онда бір ғана ғимарат орналасқан, ол – құтқару станциясы. Бұл көше 19 ғасырда пайда болды, уақыт өте келе ол Ертіс өзенімен шайылды, алайда ол ғана емес... Қазір оң жақ жағалау нығайтылды, жаға "кезектер" арқылы ұзарып келеді. Бүгінгі таңда ең соңғы "кезек" 2019 жылы "Қаздың ұшуы" табиғат ескерткіші (қала шегінде орналасқан әлемдегі жалғыз палеонтологиялық объект) айналасында салынды және өзен арқылы өтетін теміржол көпіріне жетті. Павлодар жағалауы осылайша үнемі өзгеріп, жаңарып, бірақ әрдайым туристерді қабылдауға дайын күйде өмір сүреді.
Антон Сергеев
Фото автордыкі