Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Каспий теңізінің жағалауындағы туристік хабты дамытудың жобасы таныстырылды, деп хабарлайды sayahatnews.kz, zakon.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Бұл «барлығы қосылған» тұжырымдамасымен отбасылық демалысқа арналған елдегі алғашқы кешен болады. Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту есебінен туристік кластерді дамыту туралы жан-жақты баяндалды.
Мамандардың айтуынша, егер жобаны толық көлемде жүзеге асыру мүмкін болса, бұл өңірде 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нысандарды салу үшін шамамен екі миллиард доллар қажет болады.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл Каспийде ауқымды халықаралық туристік хаб құру жолындағы алғашқы қадам екенін, енді қазақстандықтар да, шетелдік қонақтар да жоғары жайлылықпен демала алатынын атап өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті туризмді мақсатты дамыту жөніндегі қадамдар жекелеген өңірлердің ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл республиканың экономикасы үшін үлкен оң нәтиже беретінін атап өтті.
Таныстырылым аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Rixos Water World Aktau қонақ үй кешенін аралады және онлайн-конференция форматында болашақ инвесторлармен əңгімелесті.