Қазақстан елордасында 2019 жылдың 18-20 қыркүйегінде Азия-Тынық мұхиты туризм қауымдастығының (Pacific Asia Travel Association – PATA) қамқорлығымен PATA Travel Mart халықаралық туристік көрмесі өтеді, деп хабарлайды «Kazakh Tourism» ҰК ресми сайты.
PATA Travel Mart (PTM) - бұл Азия-Тынық мұхиты аймағының Халықаралық туристік көрмесі, онда бүкіл әлемдегі әріптестермен келісім-шарт жасасу және нетворкинг үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынылады, бұл туристік ұйымдарға шешім қабылдаушыларға қол жеткізуге, сондай-ақ жаңа серіктестер табуға, байланыстарды кеңейтуге, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және барларын нығайтуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар Қазақстан тарапынан Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ болмақ.
Елорданың Азияның ірі қалаларымен бәсекелесуде осы көрмені өткізу құқығын жеңіп алуы Нұр-Сұлтанның өңірдегі іскерлік және оқиғалық туризм орталығы ретіндегі мәртебесін растайды. Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен, негізінен Азия мен Еуропа елдерінен, Қазақстанның мақсатты нарықтары болып табылатын қауымдастықтың 1200-ге жуық мүшесі келеді.
Көрме жыл сайын PATA қамқорлығымен 1978 жылдан бастап 44 қалада 40 мыңнан астам делегатты қамтыды. Соңғы он жылда көрмені Макао (2010, 2017), Дели (2011), Манила (2012), Ченду (2013), Пномпень (2014), Бангалор (2015), Джакарта (2016), Лангкави(2018) сияқты қалалар қабылдады. Өткен жылы көрме 12-14 қыркүйекте Малайзияда Лангкави аралында өтті. Оған әлемнің 33 елінен 389 экспонент қатысты. Сондай-ақ, 241 ұйымның 252 туроператоры аталған шараға қатысты.