Трамвайлар Павлодарға ерекше әсер береді. Мұнда келсеңіз, соны сезесіз. Естіп тұрсыз ба? Бұл дөңгелектің тырсылы. Тек темір жол дыбысымен шатастырмаңыз. Трамвайлар баяулау естіледі. Өзінің темір жолымен ширақ қозғалып, жолаушыларын тасымалдайды.
Өлкетанушылардың айтуынша, павлодарлық трамвай алғашқы рейсін 1965 жылы 18 қазанда орындаған, қазір қалада 15 бағыт пен 112 вагон жұмыс істейді, бұл – еліміздегі ең ірі трамвай жүйесі. Деректерге сенсек, Павлодарда трамвай жолдарының ұзындығы 110 шақырымды құрайды.
«Павлодар трамвай байланысын толығымен сақтап қана қоймай, дамытып отырған Қазақстанның бірегей қаласы», - дейді Қазақстанға белгілі павлодарлық экологтар Светлана Могилюк пен Марина Поух өз кітаптарының бірінде.
Жақында мұндағы ескі вагондарға қызғылт сары, қызыл-ақ түсті жаңа, жарқын трамвайлар қосылды. Белоруссияда арнайы тапсырыс бойынша шығарылған 23 қызыл-ақ трамвай енді адамдарды қала ішінде тасымалдайтын болады. Минск «Белкоммунмаш» зауытында жасалатын вагондар бұл қалаға көрік береді. Жүргізушілердің өздері мұнда ыңғайлы және жайлы екенін айтады: жаңа трамвайлар ескісіне қарағанда, бірқалыпты жүріп, қозғалыс кезінде шайқалмайды. Жолаушыларға да жаңа трамвайлар ұнаған. Олар салонда бұрынғыдай шудың жоқ екенін, ал орындықтар әлдеқайда ыңғайлы екенін айтады.
Айтпақшы, бұл трамвайлар Павлодарға Астана арқылы бірнеше шағын бөліктермен жүк поездарымен тасымалданды. Оларды мұнда 2017 жылы әкеле бастады. Павлодар көшелерінде жүретін жаңа вагондарды іске қосуға дайындау үшін мұнда Беларусь астанасы – Минск қаласынан мамандар келді. Олар «Павлодар қ. трамвай басқармасының» жүйе техниктері мен басқа да мамандарын оқытып, іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қала басшылары трамвайдың экологиялық таза көлік түрі екенін ескере отырып, Павлодар трамвайларын жаңартуға тырыспақ. Мұнда келген 23 жаңа вагон трамвай депосының жылжымалы құрамын 40 пайызға дейін жаңартуға мүмкіндік берді.
Жалпы павлодарлықтар – қызық халық. Олар осы трамвайларда танысып, ғашық болып жатады. Мүмкін сол себепті бұл көліктен романтика лебі еседі. Кешке вагондар жарық шамдармен, әсіресе жаңа жыл қарсаңында әдемі жарқырайды.
Егер сіз Павлодарға балаларды қорғау күніне келетін болсаңыз, онда безендірілген вагондарда кішкене қыздар мен ұлдардың серуенін тамашалай аласыз. Оларға жол жүру тегін, балаларға тәттілер беріледі. Кейде туристер немесе қала тұрғындары жай отырып қана қоймай, қала жайлы қызықты мәліметтерді білу үшін қарапайым трамвайлар экскурсиялық трамвайға айналады. Кейде трамвай уақытша көрмеге айналады, яғни бір күнге немесе бірнеше сағатқа қандай да бір қалалық мұражайдың экспонаттарын қояды. Тағы бірде вагон ән және тіпті бимен нағыз концерт алаңы бола алады.
2017 жылы Жастар жылының құрметіне жергілікті Жастар бастамаларын дамыту орталығының символикасы бар трамвай қала ішінде жүріп өтті. Кейде трамвайлар қайырымдылық көмек жинау үшін қолданылады. Осы ойын-сауықтың барлығына мәселен, №5 айналма маршрут дәл келеді.
Ал 2018 жылдың 1 қаңтарына жаңа жыл түні трамвайлар (автобустар сияқты) қала тұрғындарын түнгі сағат бірден таңғы төртке дейін үйлеріне жеткізді. Қалалық қоғамдық көліктерде жол жүру құны әдеттегідей - 80 теңге болды.
Трамваймен серуендеу үшін Павлодар қаласына барыңыз! Олар қаланың ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан, аздап шулы, бірақ сенімді вагондардан жергілікті өмір тынысын сезесіз.
Антон Сергеев